Қоғам қайраткерлерінің пікірлері

Ұлы Даладағы мемлекеттік 
дәстүр сабақтастығы

59c207f41d838a884bfdfbb9a442cab2

Әділ Ахметов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық түркі академиясының тіл және
терминология орталығының жетекшісі

Үстіміздегі жылы Ұлытауда Елбасы Н.Назарбаевтың “Хабар” арнасына берген тағылымды сұхбаты тек қазақ халқы емес, күллі түркі жұртының жүрегіне жол тапты десек, артық бола қоймас. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені бүгінгі таңда Президент Назарбаев — тек Қазақ елі ғана емес, түгел түркінің көшбасшысы ретінде мойындалған және түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайтуға бар күшін салып жүрген айтулы тұлға.
Аталмыш сұхбатында Елбасы қазақ мемлекеттігінің байырғы тамырлары тым әріден, атап айтқанда, біздің ата-тегіміз болып табылатын ғұндар мен сақтардан, көк түріктерден және оның бергі жағындағы Алтын Ордадан, ал одан да нақтырақ айтар болсақ, ХV-XIX ғасырлар аралығында қанат жайған Қазақ хандығынан бастау алатынын паш еткен болатын.
“Айтылмаса, сөз жетім” демекші, Елбасы қазақ халқының мемлекеттігіне қатысты тарихи шындықты қасиетті Ұлытауда дер кезінде айтты. Олай дейтін себебіміз, кейінгі кезде кейбір шетелдік ақпарат құралдарында “қазақтардың мемлекеттігі еш уақытта болмаған” деген жалған сөз жиі-жиі бой көрсететін болды. Оның үстіне, мұндай негізсіз ақпаратты о баста көрші елдің тек саяси сайқымазақтары ғана таратушы еді, кейінгі кезде мұндай көпе-көрнеу өтірікке әлгі елдің көшбасшы саясаткерлері де үн қосатын болды. Сондықтан біле тұра білмегенсіп, көре тұра көрмегенсіп, шынайы тарихты қасақана бұрмалап, жалған ақпарат таратушылармен күресу — тек Елбасымыз ғана емес, күллі халқымыздың күн тәртібінде тұрған мәселесі.
Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған Президенттің бастамасымен іске асырылып жатқан іс-шаралардың мәні ерекше. Сондай шаралардың бірі — үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Халықаралық түркі академиясында “Ұлы дала мемлекеттік дәстүр сабақтастығы” деген тақырып аясында өткізілген халықаралық семинар. Ол семинарға 12 мемлекеттен келіп қатысқан ғалымдар түркі жұртына ортақ тарихты ғұндардан бастап, көктүріктер арқылы сабақтастыра жалғастыруға толық қолдау білдірді. Сонымен қатар, Академияда түркі тарихына қатысты бірнеше жобалар, атап айтқанда, “Шығыс түрік қағанатының тарихы”, “Батыс түрік қағанатының мемлекеттік құрылымы” сынды іргелі ғылыми жобалар да қатар жүзеге асуда және олар қазірдің өзінде айтуға тұрарлық нәтижелер беретініне сенім мол.
Ұлы даладағы мемлекеттік дәстүр сабақтастығы туралы сөз қозғағанда, қазақ даласындағы мемлекеттік дәстүр де шет қалмайтыны дау туғызбайтын шындық. Мәселен, үстіміздегі жылы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының активімен кездесу барысында қазақ мемлекеттігінің тарихы қазақ хандығынан бастау алатынын шегелеп айтқан болатын. Президенттің бұл сөзін күллі халқымыз өте жылы қабылдады. Себебі бұл, біріншіден, тарихи шындық. Екіншіден, бұл шындықтың, яғни қазақ хандығының 550 жылдығы келесі жылы елімізде кеңінен аталып өтетін болады. Үшіншіден, бұл тарихи шара жоғарыда әңгіме арқауы болған жалған ақпарат таратушыларға берілетін нақты жауап болмақ. Себебі Қазақстанда өтетін бұл шара тек біздің ел үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемінің ортақ мерекесі болатыны күмән тудырмайды.

«Мәңгілік Ел» болудың 
алғышарттары жасалуда

8aa37be16b7a48074c58c6f575ba2f18

А.Перуашев, «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық
Партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты

Бабаларымыз «Ошақтың аяғы — үшеу, жағар оты — біреу» деген тәмсілді бекер айтпаған. Осы ұлағатты ұғым бізді береке-бірлікке үндеп, ұрпақтар сабақтастығының тұтастығына шақырды.
Тарихшылардың саралауына қарағанда, Қазақ хандығы құрылғанға дейін Ертістен Еділге дейін созылған ұланғайыр далада үлкенді-кішілі саяси құрылымдар, үлкенді-кішілі мемлекеттер өмір сүрген. Мұның бәрі — Қазақ хандығына дейінгі ізашар буын-бунақтар, Қазақ елі деген алып бәйтеректің өзегіне нәр берген түптамырлар, қайнар бастаулар. Сол себептен де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында «Қазақ хандығы Орталық Азия аумағындағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет болды», — дейді.
Расында, ұлы далада Алтын Орда ыдырағаннан кейін көптеген хандықтар, мемлекеттер пайда болды, бірақ олар өздерінің атауын көбінде билеуші әулеттердің есімімен байланысты атаса, Қазақ хандығы Отанымыздың негізін қалап отырған ұлағатты ұлтымыздың атымен аталды. Бұл дерек Қазақ халқының ежелгі заманнан елдік санасы ерте оянып, бірегей дара кескін-келбеті сомдалып, тарих толқынында ұранды ұлысқа, ордалы жұртқа айналғанын, толысып қалыптасқандығын көрсетеді.
Елбасының Астана қаласы активімен кездесу барысында қазақ мемлекеттілігінің тарихы Керей мен Жәнібек 1465 жылы хандық жариялаған кезден басталатыны және келесі жылы халқымыз қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтетіні туралы сындарлы пікірі елдің қатардағы азаматтарының, оның ішінде отандық бизнес өкілдерінің жүрегіне айрықша қуаныш сыйлады. «Біз — бабаларымыздың ұлы істерін жалғастырушыларымыз» деген ұстанымын барлық ізгі ниеттес азаматтар қолдап отыр.
Бастама ел ішінде, әлеуметтік желілерде кеңінен, қызу талқыға түсіп, әр алуан ұсыныс-пікірлерін айтуда. Әрине, ұсыныстардың арасында орынды, ежелден бергі тарихымыз бен қазіргі Тәуелсіз Қазақстан халқының ынтымағы, көпұлтты қоғамымыздың ауызбіршілігін дамытуға бағытталған және көрші елдерді біздің мемлекеттілігіміздің терең тамырын сыйлауға ынталандыратын игі идеялар да бар. Мысалы: мерекелік жиын, ғылыми-танымдық іс-шаралар, тарихи көркем және тарихи фильм т.б.
Бай тарихымызды, төл мәдениетімізді алыс-жақын көршілерімізге де көрсете отырып, қуанышымызбен бөлісіп, маңызды шараға оларды да қатынастырсақ жөн болады деген ойдамыз.
Осы ретте, айтулы датаға орай «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерекелік медалі шығарылса. Бұл медальмен еліміздің еңбек сіңірген тұлғалары, сонымен қатар Қазақстан туралы оң пікір қалыптастырып жүрген шетел азаматтары, атап айтқанда, көрші елдердің Президенттері, шетелдің танымал ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, зиялыларымыз бен бизнес өкілдері марапатталса, ол да елдіктің бір белгісі деп пайымдаймыз.
Қазіргі өркениетті елдер өз мемлекеттілігінің ежелгі тарихын жан-жақты көрсетуді, насихаттауды жолға қойған. Бұл сол ұлттың мемлекеттігінің тұрақтылығы мен легитимділігін (құқы бар екендігін) айғақтайды. Сондықтан біз де қазақ мемлекеттілігінің тамыры терең және дәстүрге бай екенін әлемге барынша паш етуіміз қажет деп білеміз.
Өзіңіз айтқандай, бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана біз «Мәңгілік ел» боламыз.

Хан көтерген ел едік 
ер ұланын

senator_zhabal_ergaliev

Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты

Бұл ой Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қайыра-қайыра сана сарабынан өткізген сайын көкейге орныға түскені бар.
Қазақстан Президенті ХХІ ғасырда жалпы адамзат баласы тап болатын он түрлі қауіп пен қатер бар екендігін бұдан бұрын да, талай жыл бұрын айтқан да болатын. Елбасы айтқан сол сындарлы қатерлер, жаһандық нарық пен әлемдік саясаттағы болжаусыз жағдайлар, жаңа дағдарыстар дүние есігін қағып, босағадан сығалап, әлем мазасын ала бастағаны да бар. Біз және бізді қойып, барлық дүние жұрты Назарбаевтың алдын болжағыш, ойлы да саналы ақылы мен парасат түйсігінің кеңдігі мен тереңдігіне сүйсініп-ақ келеді. Ал, біз болсақ, Елбасының заманауи ақиқатын өз бабалары Төле бише толғап айтар, Қазыбек бише кесіп айтар, Әйтеке бише тесіп айтар шешендігі мен кемеңгерлігіне сүйсінеміз.
Сол сүйсіністі көңілмен Елбасының «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Жолдауының тарихи маңызы жайында түйген ойымызды тарата айтар болсақ, ең әуелі Тәуелсіздік және әлем таныған Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың нұрлы жолы екендігін айтқанды жөн санадық. Әуелден айтылып келе жатқан тарих қайталанады деген қағидатқа сүйенер болсақ, қазақ тарихы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» білсе, Қазақстанның ендігі жаңа тарихында «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» ел тәуелсіздігімен бірге қалыптасқандығын айтқан да ләзім! Бұл жолмен, яғни «Нұрсұлтанның нұрлы жолымен» жүріп келе жатқан Қазақстан өз тәуелсіздігінің көк байрағын көтерді, әлемдік саясаттағы да, әлемдік экономикадағы да өзінің даму жолын қалыптастырып, айдай әлемге танылып, сол айдай әлемнің сыйы мен абыройлы құрметіне бөленіп,төрткүл дүниенің көзін салып, құлағын түріп отырар, ұлы даласынан тек қана жақсылық пен бейбіт өмірдің самалы есіп тұрар іргелі мемлекетке айналды.
«Нұрсұлтанның нұрлы жолымен» жүріп келе жатқан Қазақстан дүние мемлекеттері тарихында тұңғыш рет ядролық қару-жарақтан бас тартып, кезінде әлемді дүрліктіріп отырған өзіндегі Семей ядролық сынақ полигонын жапқан, сөйтіп, мына дүниені қауіп пен қатерден құтқарған, Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына (ОБСЕ) кешегі кеңестік мемлекеттерді былай қойып, түрік тектес елдер арасында тұңғыш болып төрелік жасап, Астана Саммитін өткізіп, әлемді бейбіт қатар өмір сүрудің жаңа қағидаттарына бойсұндырғаны да тарихи ақиқат.
«Нұрсұлтанның нұрлы жолымен» жүріп келе жатқан Қазақстан Адамзат тарихында тағы да тұңғыш болып, қазақ топырағында Әлем діндері лидерлерінің басқосуларын төрт мәрте өткізіп, мына дүниенің құрсаулы қаупінің бұлтын сейілте алған және Адамзаттың өзімен бірге жасасып келе жатқан қасиетті діндердің бір-біріне деген өшпенді кектерін сабасына түсіріп, сол діндер мен дін жетекшілерінің абыройын сақтап қалған, олардың бір-біріне деген сенімдері мен құрметтерінің сөне бастаған шырақтарын қайта жаға білді.
Қазақстан өз тәуелсіздігінің жиырма үш жылға жетер-жетпес уақыт аралығында ғасыр уысына сыя бермес және сол ғасырдың еншісіне бұйыра да қоймаған ғасырлық, тіпті планетарлық істер тындыра білгендігін Адамзаттың жаңа тарихы өз беттеріне алтын әріптермен жазып жатқандығы тағы да ақиқат.
Қазақ елі келер жылы қазақ хандығының 550 жылдығын ұлттық мереке деңгейінде атап өткелі отыр. Бұл өткен, бүгінгі және келер тарих алдындағы үлкен тарихи шара болғалы тұр. Біз бүгінгіге қайдан келдік, қалай жеттік деген көкейде жатқан көп сұраққа жауап берер шара болғалы тұр. Жалпы түп тарихты түгендеу мәселесіне Елбасы әрдайым мән беріп келе жатқандығын айтар болсақ, қазақ хандығының 550 жылдығы да сол Елбасының өз елінің жайын ойлағандығы деп білеміз. Біз өзінің ер ұланын хан көтеріп ардақтаған елміз. Сол көңіл, сол ниетпен мәңгілік ел болуды мұрат тұтып отырған елміз. Нұрлы жолдағы ұлы сапарымыз табысты болғай!

Қазақ елінің 
тарихы тереңде жатыр

Алмас Ұзақұлы Тұртаев

Алмас Ұзақұлы Тұртаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қасиетті Ұлытаудағы сұхбатында сан қатпарлы тари-хымыздың түп-тамырына терең бойлап, тектілігімізді айғақтап, сонау ғұндардан бастау алған шежіреміздің көктүріктермен жалғасып, Алтын Ордамен сабақтасатынын тарқата отырып тамаша баяндады. Оны қайталап жатпай-ақ қоялық. Оған талас жоқ. Тарихымыздың тамыры тереңге бойлағандықтан, төл мәдениетіміздің өзі сан ғасырға кетеді. Қаншама қанды қырғын мен сан мың дүрбелеңді бастан кешсе де, әділеттің ақ таңы қараңғылық бүркеген жала мен зымияндықтың бетін ашып, қазақ халқының болашақтың алдында жүзі жарқын екенін әйгіледі. Бүгінде ізгіліктің бастауы болған қасиетті даламыз қаншама ұлт пен ұлысты бауырына басып отыр. Елбасы Астана қаласының игі жақсыларын жиып, қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жайлы пікірімен қоғамның назарын ұлттық құндылыққа аударды. Бұл игі қадамды құптап жатқандар қатары күн өткен сайын артуда. Көптің көкірегіне айрықша қуаныш сыйлағаны да рас. Елбасының осы бастамасынан кейін «Ақ жол» партиясы мен тарихшы азаматтар Үкіметке хат жолдадық. Негізінен хаттың мәтінінде «Қазақ хандығын» бір реттік мереке қылып емес, жыл сайын атап өтуге ұсыныс жасадық. Ондағы ойымыз мемлекеттік рәміздер күнін «Мемлекеттік рәміздер және Қазақ хандығы күні» деп өзгерту еді. Біз осы арқылы өткен тарихымызды зерделеп, оны тануға мүмкіндік аламыз. Егер ұсыныс қабылданса, бұл дата өткеніміз бен бүгініміздің арасындағы алтын көпір тәрізді болар еді, шіркін! Сондай-ақ, бұл хатта Қазақстанның дамуына үлес қосқан шетелдік түрлі қайраткерлер мен инвесторларды, ғалымдарды қазақ хандығының 550 жылдығына қатыстыру керектігі қамтылған. Сонымен қатар, осы айтулы шараға арнап төсбелгі дайындап, көрші елдердің басшыларын марапаттаған жөн деп отырмыз. Олардың арасында қазақ қоғамы туралы жақсы пікірлер қалыптастырып жүргендер жетерлік.
Елбасының былтырғы Жолдауында 2050 стратегиясындағы негізгі міндеттерді саралағанда төл мәдениетімізді насихаттауға басымдық бергені бекер емес. Өркениетке қадам басқан кез келген мемлекет өткеніне көз жүгіртпей, шыңға өрмелей алмайды.
«Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралар үшін қоғам тарапынан түрлі ұсыныстар бар. Жасыратыны жоқ, ұсыныстардың арасында рушылдық пен жершілдікті көрсететін жағдайлар да кездесіп жатады. Қазақ хандығының 550 жылдығы белгілі рудың немесе жердің шарасы емес. Бұл бүкілхалықтық шара екенін ұмытпауымыз керек. Осыған байланысты ұсыныстарды саралайтын үкіметтік комиссия қажет деген ойдамыз.

Қазақтың хандық мемлекеті: 
зерттеуге сұранып тұрған мәселелер

6ace5e042a9e5277e5682482a7acb80f

Ж.О.Артықбаев
т.ғ.д., Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың
профессоры.

Өкінішке орай, Қазақ хандығы туралы жазылған азды-көпті зерттеулерде «мемлекет» сөзі қолданылғанымен, оның басқару тетіктері, құрылымы, өзіндік ерекшеліктері туралы дәлелді тұжырым жоқ. Қазақ ғалымдары дәстүрлі кезеңде биліктің қалай жұмыс істегенін, көшпелі және отырықшы қауымдарды басқару тәжірибесін, жалпы басқару жүйесін сипаттауға әлі де салғырт. ХХ ғасырдың 70-80 жылдары осы тақырыпқа қалам тартқандардың жазғандары «кочевники не успели осесть, создать культуру, государство» деген тезистің маңайында болды. Еуразияға билік жүргізген Ғұн, Түркі, Алтын Орда мемлекеттерін зерттеушілер «временные, эфемерные образования» деп атады. Олардың түсінігі бойынша көшпелілер тек шаруашылық қауым болып қана өмір сүреді, саяси конъюктураның сәті түскенде ғана «әскери-көшпелі қауым», яғни империя құрайды. Зерттеушілердің екінші бір тобы мемлекетті саяси-қоғамдық жүйе ретінде сипаттау және баға беру қажеттілігі туғанда «государство возникло с появлением классового антогонизма между людми» делінетін ортодоксальды марксистік тұжырымның ықпалынан шыға алмады.
Көшпелілерде мемлекеттік дәстүр жоқ деушілердің дәлелдеу жүйесі анық емес. Неге біз көшпелі болғандықтан, мемлекет деген ұғымнан аулақ болуымыз керек? Қазақ тарихын немесе Еуразия көшпелілерінің бірнеше мыңжылдық тарихын адамзат баласының тағдырында дара соқпақ деп танысақ, онда олардың мемлекет дәстүрлерінің ерекше болуы заңды құбылыс емес пе? Егер көшпелі мен отырықшы өмір салттарының арасында айырмашылық болса, ол мемлекетке де қатысты болуы заңды. Қазақ тарихи-этнологиялық ғылымы үшін бұл мәселе ойыншық емес, себебі бұл ұлттық тарих ғылымының ең осал, ең өзекті тұсы. Егер біз өткен тарихымыздан мемлекет мәселесін (онымен бірге билік құрылымдары, құқықтық ережелері т.б.) алып тастасақ, біздің тарихтың оқулықтарында әр уақыт кезеңіне реттестіріліп жинақталған эмпирикалық фактілер ғана қалады.
Біздің басты әлсіздіктерімізді санап шықсақ:
— Қазақ мемлекетін жоққа шығарушылардың бірінші қателігі: олар өз зерттеулерін көшпелі мемлекет ауыр дағдарысқа ұшыраған ХҮІІІ-ХІХ ғғ. деректеріне негіздейді;
— Екіншіден, олар қазақ деректерін түкке тұрғысыз қылып, оларды тарихи дерек есебінде қолдану мүмкіндігін жоққа шығарумен айналысады. Олар түпнұсқа дерек есебінде тек қағазға түскен құжаттарды (Ресей, Қытай шенеуніктерінің жазбаларын) мойындайды;
— Үшіншіден, «жаңаша зерттеу әдістері мен қосалқы зерттеу әдістемесін» пайдалану қажет» деген желеумен ғылыми жылтырақ терминдерді қолдану арқылы негізгі мәселені көмескілеп, оқырманның назарын екінші қатардағы немесе түкке тұрғысыз мәселелерге бағыттап жібереді;
— Төртіншіден, қазіргі тарихшылар патшалық және большевиктік тарихнаманың қазақ мемлекеттік дәстүрлерін санадан өшіру үшін күрес жүргізгенін еске алмайды. Біз тым әзірге бармай-ақ Е.Бекмахановтың халық жауы атанып, сотталар алдындағы соңғы дискуссиялардың бірінде сөйлеген сөзін қысқаша ғана еске алайық: «Мои критики дошли до такого абсурда, что они готовы отказать казахам в наличии в их истории государственности, демогогически утверждая, что казахи получили свою государственность только после Октябрьский революции. По их понятию, казахский народ, живший на огромной территории и имевший экономическую и культурную обшность, жил вне государства, как аморфная масса» (Бекмаханов Е. Собрание сочинений в семи томах. т.6. Павлодар, 2005, -299 б.).
— Бесіншіден, мемлекетті жоққа шығарушылар қазақ тарихына қатысты түпнұсқа деректерді пайдаланудың орнына /ол мұрағаттарда жұмыс істеуді, яғни ауыр еңбекті қажет етеді/. Ресей зерттеушілерінің ХҮІІІ соңы – ХІХ ғ. еңбектерін қайта-қайта көшірумен айналысады.
Осы талдау біздің тарихнамалық ізденістеріміз қазақтану саласындағы қоғамдық ғылымдардың ішінде мемлекет турасында түбегейлі зерттеулердің жоқ екендігін көрсетеді. Адамзат өркениетінің негізгі даңғылы және қозғаушы күші болып табылатын мемлекет деген құбылыстың қазаққа қатыстылығы жайында тың және түбегейлі зерттеулер жүргізу болашақтың үлесі болып табылады. Біздің айтпағымыз Еуразия көшпелілері немесе қазақ халқы өмірге әкелген мемлекеттерге еуропалық, орыстық көзқарас тұрғысынан қарағанды тоқтатуымыз керек.
Қазақтың дәстүрлі мемлекеттік басқару жүйесінде хандық институты ерекше орын алады. Бұл институттың тарихы тым ерте замандарға бастайды. Біздің ауызша дәстүрімізде Алаша хан, Уыз хан, Алтынбел хан сияқты ел басқарған әфсаналық тұлғалар бар. Соңғы мыңжылдықта мемлекеттік басқару жүйесінде хандық қызметті Шыңғыс хан ұрпақтары атқарды.

Біздің контактар

Қазақстан Республикасы

Павлодар қаласы

Астана к.,125

(Картадан көрсету)

 

+7 (7182) 61-81-32

e-mail: gasdaryn@mail.ru

 

Павлодар қаласының «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің электронды оқыту жүйесінің порталы