«Мемлекеттік рәміздер - ұлттық мақтаныш»

1992 жылдың 4 маусымы – тарихи күн. Сол кездегі Республика Жоғарғы Кеңесі Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті.ҚР Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституциялық заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген.

ҚР-ның Ата заңның 34- бап, 2-тармағында «Әркім Республиканың мемлекеттік нышандарын құрметтеуге міндетті» делінген. Олай болса, рәміздерді құрметтеу- әрбір қазақстандық азаматтың міндеті.

 

 

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туы – Қазақстан Республикасының мемлекеттiк негiзгi рәмiздердiң бiрi. Мемлекеттік ту көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста — ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күнарайқыран және ою-өрнек — алтын түстi. Тудың енi ұзындығының жартысына тең. ҚР мемлекеттік туының авторы — суретшi Шәкен Ниязбеков. Бiрыңғай көк-көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiкынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика (гербтану) тiлiнде — көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi. Ежелгi түркi тiлiнде “көк” сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркi халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотикалық тарихына сүйене отырып, мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн — қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн — уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс — бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран ҚР-ның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.

Жаңа ту қалай жасалды? Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігінің жылдық мерекесіне орай ұлттық нышанымыз- Мемлекеттік тудың авторы Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков былай деді: «Мемлекеттік туға арналған байқауға 600-ден астам жоба түсті. Іріктеуден өткен ең соңғы 4 жоба комиссияның шешімімен Жоғарғы кеңестің талқысына ұсынылды.Байқаудың аяқталуына 3 күн қалғанда жаңа ту жобасын жасауға кірістім. Себебі, алдыңғы жасаған жобаларыма көңілім толмаған-ды. Сонымен, соңғы жасаған жоба жұртшылықтың көңілінен шығып, мемлекетіміздің төл туына айналды.

Тудың түсі көк болуы – бүкіл дүниеге көк жүзі, аспан әлемі ортақ. Жер шары сан тарапқа, ұлттарға, мемлекеттерге бөлінгенімен, аспан ешқашан бөлінбек емес. Ал, күнге келер болсақ, ол да жапанға ортақ нәрсе. Күн жылуы жер бетіндегі бүкіл тіршілік атаулыға ортақ. Қазақ халқы қашан да қыранды қасиетті, киелі құсқа балаған. Егемендік алған қазақ елінің қыран тәріздес биікте, ғұмыры ұзақ болсын деген ойдан туған дүние бұл. Оған қоса туда қазақтың  ұлттық ою-өрнегі бейнеленген. Қазақстан туы халықаралық жиындар мен бас қосуларда, Республика президентінің шет елге шыққан сапарында, сонымен қатар биылғы Лондан қаласында өткен 30-шы жазғы  олимпиада да еліміздің туы жеті мәрте көтерілгенде әр қазақстандықтың бойында «біздің қазақ халқының туы» деген мақтаныш сезім билегені айдан анық.

 

Қазақстан Pеспубликасының мемлекеттiк Елтаңбасы — Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi. Рәмiздiк тұрғыдан ҚР мемлекеттік гербiнiң негiзi — шаңырақ. Ол — елтаңбаның жүрегi. Шаңырақ — мемлекеттiң түп-негiзi — отбасының бейнесi. Шаңырақ — Күн шеңберi. Айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, Шаңырақ — киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi. Тұлпар — дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар — қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Бес бұрышты жұлдыз гербтiң тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Қазақстан Pеспубликасының мемлекеттiк Елтаңбасының авторлары — Жандарбек Мәлiбеков пен Шотаман Уәлиханов.

Елтаңбаның үздік жобасына 245 жұмыс, 67 хат ұсынылған еді. Халық қалаулылары мен елбасы назары Жандарбек Мәлібекұлы мен Шотаман Уәлиханов жасаған бүгінгі елтаңбамызға ауды. Тәуелсіздігіміздің төл белгісі көп ұзамай қалың жұртшылықтың жүрегіне жол тартты. Елге ұнаған елтаңба дүниеге қалай келді? Елтаңба авторларының бірі  Ж. Мәлібекұлы былай дейді.                                                                     

 «Елтаңба осы қалпында ойға келе қойған жоқ. Қазақта «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деген сөз бар. Осы үш ауыз сөз негізге алынды. Елтаңбадан елдің тарихы, дәстүрі, рухы толық танылып тұруы тиіс. Бастапқыда «Шаңырақ қазаққа тән емес» деген сыңаржақ пікірлер де болды.Сонда «Ау, Абай да, Абылай да сол шаңырақтың астында дүниеге келген жоқ па?» деген сөз айтуға тура келді. Әр халық өзі қасиетті санайтын жан-жануарды Мемлекеттік нышан деген жайы бар. Аңыздардан арқау тартқан пырақ бейнесіне де қарсы келгендер болмай қалған жоқ. Біле білсек, жылқы да өз кезегінде өркениеттің дамуына ықпал еткен ғой.  Осы ретте жиынтық образ керек болды. Қанатты пыраққа тоқталуымның басты себебі сол. Босағаны берік ету үшін 7 буыннан тұратын мүйіз таңдалды.7 буын бір жағынан қазақтың «Жеті атасын білмеген жетесіз» дегенін аңғарту. Пырақтың қанаты бір қарағанда бидайдың бауланған сәтін еске салады. Әу баста елтаңбаның қақ ортасына жарты ай мен шағын 3 жұлдыз бар еді. Талқыға салған кезде бес бұрышты жұлдызға тоқтады. Конкурсқа жіберілген нұсқасынан ілікпей қалғаны осы жарты ай мен шағын 3 жұлдыз ғана. Қалғанының бәрі талқыдан өтті.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны. Мәжіліс және Сенат депутаттарына жолдаған хатында Елбасымыз  Н.Ә Назарбаев өз хатында: «Тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданған  қазіргі қолданыс -тағы Қазақстан Республика- сының Мемлекеттік әнұраны осы жылдар ішінде барлық қазақстандықтардың жүрегінде жатталып қалды деу қиын. Еліміздің қай түкпіріне барсам да, кәрі де, жас та әнұрандық мәртебесі болмаса да, аса көрнекті композиторымыз Шәмші Қалдаяқов пен талантты ақынымыз Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстанымды» әнұран есебінде шырқағанының талай рет куәсі болдым. Осы уақытқа дейін бейресми әнұран қызметін атқарып келген бұл әнге ресми мәртебе беретін күн жетті деп есептеймін. Осы орай да ән мәтініне  қатысты өз пікірімді ортаға салмақпын. Мәтінді әнұран ретінде қабылдау үшін оған бірқатар өзгерістер енгізу керек деп есептеймін. Біріншіден, әнұранда ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілуі тиіс. Екіншіден, мәтінде сол ата-бабалардан қалған асыл мұрамыз-жеріміздң кең-байтақтығы орын алуы керек. Үшіншіден, еліміз бен жеріміздің байлығы біздің ұрпақтарымыз- дың болашағына жарқын жол ашатыны да айқын көрініс тапқаны жөн. Ең бастысы, біздің тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі- ел бірлігі баса көрсетілуі керек»- деп болашақ әнұран мәтініне енген өз жобасын көрсетті.

Осыдан кейін жобаны талқылау кезінде, депутаттар ұсынысымен парламент әнұран мәтінінің авторлары Ж. Нәжімеденов пен Н. Назарбаев екенін айғақтайтын шешім қабылдады.  «Менің Қазақстаным» әні жарты ғасыр бойы елмен бірге жасап, елмен бірге мұңайып, елмен бірге қуанып келеді. Әр шаңырақтың, ел шаттығының жалауына айналды.

сөзі: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
әні:  Шәмші Қалдаяқов

Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!

Мемлекеттік рәміздердің авторлары

Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев 6 шілде 1940 жылШамалған ауылы, Алматы облысы— Қазақстанның мемлекет қайраткері, ғалым, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті.

 

 

 

 

Шәмші Қалдаяқов (1930-1992ж.ж.)Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында дүниеге келген.1950 жылдан бастап шығармашылықпен шұғылданды. 1956-1962 ж. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда В.В. Великанов класында оқыды.Есімі аталғанда аузымызға бірден халқымыздың әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әні түседі. Исі қазақтың көкірегінде жыр болып төгіліп, сыр болып өріліп, әндерінің қай-қайсысы да халықпен бірге туғандай біте қайнасып, оның бөлінбейтін бөлшегіне айналып кеткен. Халқының жүрегін осыншалықты сыршыл да кәусар саздың құдіретімен баураған ұлы сазгер есімі ұмытылмайды. Халық жүрегінде мәңгі сақталады.

 

 

Мемлекеттік туымыздың авторы Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков. Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, Қазақстан дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі. 1938 жылы 12 қарашада Тараз қаласында дүниеге келген. Ленинград жоғарғы көркем-өнер училищесін бітірген. Алматы қаласының бас суретшісі.

 

 

 

ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібекұлы. Өзбекстанға еңбегі сіңген сәулетші. 1942 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Екпінді аулында дүниеге келген. Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факультетін бітірген. Ташкент қаласындағы ғылыми-зерттеу жобалау институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі, жобалар жөніндегі бас сәулетшісі, қазір Астанада тұрады.

 

Шот-Аман Ыдырысұлы УәлиханҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы. Қазақстанға еңбегі сіңген сәулетші, Мемлекет сыйлығының иегері, белгілі қоғам қайраткері. 1932жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Сырымбет ауылында туған. Мәскеу архитектуралық институтын бітірген. «Қазақ қала құрылысын жобалау» институтының қызметкері.

 

Жұмекен Ніжімеденов(1935-1983ж.ж.) Атырау облысы Теңіз ауданы Қошалақ аулында туған. 1959 жылы Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясында оқып жүрген кезінде курстас досы Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» атты әніне сөз жазған.Бұл ән қазақ халқының ұлттық әнұранына айналып, күні бүгінге дейін ұрпақ санасына отаншылдық рухымен жаңғыртып келеді.

Біздің контактар

Қазақстан Республикасы

Павлодар қаласы

Ленин к.,125

(Картадан көрсету)

 

+7 (7182) 61-81-32

e-mail: gasdaryn@mail.ru

 

Павлодар қаласының «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің электронды оқыту жүйесінің порталы